Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласының әкімі өзімен қарым-қатынаста болған әйелге қол көтергені үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сырым Иткуловтың Telegram арнасында жазылғандай, шенеунікке 315 мың теңге айыппұл салынып, жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Оқиға 2024 жылдың желтоқсанында әкімнің жұмыс кабинетінде болған. Әйелдің айтуынша, ол кезде әкім оны ұрып, тұншықтырған. Жәбірленуші екеуінің таныстығы 2021 жылы әлеуметтік желіде басталғанын, ал ер адамның үйленгенін бірден айтқанын жеткізді. Әйелдің сөзінше, “ренжітпеймін” деген уәдеге сеніп, қарым-қатынасын жалғастырған, алайда бәрі зорлық-зомбылықпен аяқталған.
Оқиғадан кейін әйелге жергілікті шенеуніктер мен блогерлер тарапынан қысым көрсетілген. “Жұмысыңнан айырылуың мүмкін” деп ескерткен. Ол үш баланың анасы және бала бақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.
Ал әкім өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, болған жағдайды “жала” деп отыр. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, сондықтан ол қызметін әлі де атқарып отыр.