Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қан кетіп жатқанын тоқтата алмай, 18 л қан құйған" - Шымкенттегі жас ана өлімі туралы сұмдық ақпарат шықты

12:41, 10 қазан 2025 325

Шымкенттегі перинаталдық орталықта 27 жастағы жас ана, дәрігер Зарина Сұлтан босанғаннан кейін 33 күн жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды. Марқұмның жақындары оның өліміне ақ халаттылардың салғырттығы себеп болды деп санайды, деп хабарлайды Аlash.kz.

Зарина Сұлтан тамыздың 20-сы күні Шымкент қалалық перинаталдық орталыққа өз аяғымен барып, ұл баланы дүниеге әкелген. Алайда арада бірнеше күн өткен соң қызуы көтеріліп, антибиотик салынғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған.

Марқұмның анасы Нышангүл Тулеева қызын дер кезінде дұрыс ем қабылдатпағанын айтып, дәрігерлердің әрекетіне наразы.

“Бірінші көмек көрсетілмеген. Адреналин салынуы керек еді, бірақ салмаған. Сол ауруханада қалай адреналин болмағаны түсініксіз. Кейін "сепсис" деді. Өздері де не болып жатқанын білмей, жатырда вирус бар деді. Бізге "қол қойсаңыздар да, қоймасаңыздар да, жатырды аламыз" деді. Сол кезде қан кетіп жатқанын тоқтата алмай, 18 литрге жуық қан құйды”, – дейді анасы.

Зарина Сұлтан 33 күн бойы өмір мен өлімнің арасында жатып, ақыры жансақтау бөлімінде көз жұмған. Артында жаңа туған сәбиі мен екі жасар ұлы қалды.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы оқиғаға тікелей қатысы бар дәрігерлер жазаланбаса, мұндай жағдай қайталануы мүмкін деп қауіптенеді.

“Барлық ауысымда болған дәрігерлер мен дәрі берген медқызметкерлер өз жазасын алсын дейміз. Тергеуші өздерінің адамдары болған соң, істің жабылып қалуынан қорқамыз. Дәрігерлердің салғырттығынан мұндай жағдай қайталанбағанын қалаймыз”, – дейді марқұмның анасы.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Ал №1 қалалық перзентхананың мамандары өздерін кінәлі санамайды. Олар қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр.

“Біздің дәрігерлер ананың өмірін сақтау үшін барлық клиникалық шараларды орындады. Барлығы бекітілген хаттамаға сай жүргізілді. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр, нақты қорытынды сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады”, – деді перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Ақмарал Махашева.

Белгілі болғандай, Зарина Сұлтанның өзі де медицина саласының маманы болған. Ол Алматыдағы медициналық университетке грант негізінде түсіп, жалпы медицина бойынша жеті жыл білім алған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар