Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қате мәлімет тарап кетті»: Велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызы «ұрланған велосипед» дауына қатысты мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

11:44, 04 қыркүйек 2026

Астанада әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипедіне қатысты жағдайдың анық-қанығы белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұған дейін желіде саяхатшының велосипеді ұрланды деген ақпарат тарап, қоғамда түрлі пікір тудырған еді. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тексеріс жүргізіп, техниканың орналасқан жерін анықтады. Велосипедтің ұрланғаны жөнінде ресми арыз түспеген, ал тексеру барысында оның құрбысы тұратын тұрғын үй кешені ауласында қалғаны белгілі болған. 

Оқиғадан кейін желі қолданушылары тарапынан «бұл хайп үшін жасалған ба?» деген күмән туындап, хейт толқыны басталған еді. Осы жағдайға қатысты Бүрлен Әділетқызы Alash.kz тілшісіне арнайы пікір білдіріп, тараған ақпараттың бұрмаланғанын жеткізді.

«Қазір желіде халық мені «хайп үшін, ақша үшін жасап жатыр» деп балағаттап жатыр. Маған елдің ақшасы керек емес, өзімді асырайтын жағдайым бар. Мән-жайды түсінбей жатып сөккен сөздер жүрегіме батса да, бұл тұрғыда ешкімге ақталып, ештеңе айтқым келмейді. Жалған ақпаратқа сеніп, мені балағаттап жатқандар – мені жеке танымайтын адамдар. Сондықтан олардың пікірі маған маңызды емес. Бұл олар үшін бір-екі күнде ұмытылатын дүние. Ал полиция өкілдерінің жағдайды қате түсінгеніне келсек, бұйырса Астанаға қайтқанда өзіміз сөйлесетін боламыз», – деді саяхатшы.

Сонымен қатар Бүрлен Әділетқызы велосипедтің «құрбысының үйінен табылды» деген ақпаратты да теріске шығарды. 

«Ол құрбымның үйінде тұрған жоқ. Құрбым тұратын тұрғын үй кешенінің аумағынан табылды, оны күзетшілер алып кеткен. Алайда кейбір дереккөздерде «үйінен табылды» деп қате мәлімет тарап кетті», – деп нақтылады ол.

Велосипедтің аулада тұрғанынан құрбысы бейхабар болғанын жеткізді. Бұған дәлел ретінде Бүрлен полицияның жазған хабарламасын ұсынды.

Бүрлен Әділетқызының тілшімізге жіберген скриншоты

Еске сала кетейік, Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаң өлкесінің Дөрбілжін ауданында дүниеге келген белгілі велосаяхатшы. 2024 жылы ол Үрімжіден Астанаға дейін велосипедпен жетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. Ал биыл Қазақстан бойынша 76 күндік велосапар жасап, елдің 19 қаласын аралап шықты. Табиғат пен тарихи орындарды танып-білуге арналған бұл саяхаты да желі қолданушыларының назарында болған болатын.

Полиция департаменті көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар