Астанада велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының ұрланды деп хабарланған велосипеді табылды. Полиция тексерісі барысында ұрлық фактісі расталмаған, деп хабарлайды Alash.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, велосипедтің ұрланғаны жөнінде ресми арыз түспеген. Дегенмен әлеуметтік желіде видео тарағаннан кейін тәртіп сақшылары оның орналасқан жерін анықтаған.
Тексеру нәтижесінде велосипедтің Бүрлен Әділетқызының құрбысында қалғаны белгілі болды.
Оқиға желіде қызу талқыланды. Кей қолданушылар «ұрлық болды ма, әлде хайп па?» деген сауал қойса, енді бірі жалған ақпарат үшін жауапкершілік болуы керек деген пікір білдірген.
Полиция көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Айта кетейік, Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаң өлкесінің Дөрбілжін ауданында дүниеге келген велосаяхатшы. 2024 жылы ол Үрімжіден Астанаға велосипедпен жеткен. Ал биыл Қазақстан бойынша 76 күндік велосапар жасап, 19 қаланы аралаған. Саяхат барысында ол елдің табиғаты мен тарихи орындарын танып-білуді мақсат еткен.