Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты айыпталып жатқан Шерхан Аймахан сотта соңғы сөзін айтып, марқұмның отбасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот отырысында сотталушы өз сөзін марқұмның жақындарына арнады. Шерхан Аймахан: «Нұрайдың ата-анасы мен ағаларынан шынайы кешірім сұраймын. Көңіл айтамын… Мен Нұрайды өте қатты қатты жақсы көрдім. Шынайы сезім болды», – деді.
Сотталушы соңғы сөзін «Осындай оқиғаның болғанына өмір бақи өкініп өтемін», — деп мәлімдеді.
Сонымен қатар сотталушы талап етілген 15 миллион теңгелік материалдық шығынды өтеуге келісетінін, алайда 10 миллиард теңге мөлшеріндегі моральдық өтемақымен келіспейтінін білдірді. Аймахан өз репликасында Нұрай Серікбайдың іс-әрекеттері салдарынан өзінің психологиялық қысымда болғанын қайтадан алға тартты. Оның уәжінше, бойжеткен Шымкентке өз еркімен келген және жол бойында көмек сұрауға мүмкіндігі жеткілікті болған. Ал қылмыс орын алған күн туралы айта келе, Серікбайдың өзін балағаттағанын, содан соң өзі бойжеткенге қолына пышақ алып, оны ұруды ұсынғанын жеткізді. Одан кейінгі жайттар есінде сақталмағанын айтты.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының бұл сөздерін теріске шығарды. Прокурор егер бойжеткен өз ырқымен шықса, үстінде үй киімі болмас еді деген уәж келтірді. Сонымен бірге туған-туыстарының айтуынша, марқұм қашан да ата-анасына қайда жүргенін және жоспарларын ашық айтып отырғанын еске салды.