«Отбасы банк» акционерлік қоғамы 2026 жылдың 2 наурызынан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана үлестіру тәртібіне өзгерістер енгізілетінін ресми түрде хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Банктің интернет-ресурсында жарияланған мәліметке сәйкес, бұдан былай тұрғын үйді бөлу процесі тек инвентаризациялау, яғни түгендеу рәсімінен өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Жаңа ереже бойынша, инвентаризациялау шарасы баспана бөлу алдындағы міндетті әрі бастапқы кезең ретінде бекітілді. Бұл талаптың орындалуы кезектегі азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына қатысу құқығына тікелей әсер етеді.
Банктің ресми хабарламасында аталған өзгерістің құқықтық салдары туралы былай деп көрсетілген: «Егер кезекте тұрған азамат түгендеуден өтпесе, оны кезектен шығармайды. Алайда ол қанша уақыт кезекте тұрса да, тұрғын үйді бөлу процесіне қатыса алмайды. Түгендеуден өтпеген жағдайда банк оған жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсына алмайды».
Статистикалық мәліметтер бойынша, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында 257 000 адам түгендеу рәсімінен өтіп үлгерген. Бұл рәсімнен өтпеген тұлғаларға жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар мен жалдамалы пәтерлерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеледі.