Елдегі желілік іркілістерге магистральдық талшықты-оптикалық кабельдің зақымдалуы себеп болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстандағы бірқатар интернет-ресурстардың жұмысында байқалған уақытша қиындықтар халықаралық трафикті тасымалдайтын негізгі байланыс желісінің зақымдалуынан туындаған. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл жағдайға құрылыс алаңындағы ауыр техниканың әсері себеп болған. Нақтырақ айтқанда, «Қазақтелеком» компаниясы жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында шетелдік интернет-трафиктің басты бағыттарын жалғап тұрған талшықты-оптикалық кабельдің үзіліп кеткенін растады.
Төтенше жағдайдан кейін байланыс операторының мамандары жедел әрекет етіп, негізгі трафик ағынын қосалқы желілерге бағыттады. Осылайша, елімізде ғаламтор желісінің толықтай сөніп, байланыссыз қалу қаупінің алды алынды. Қазіргі уақытта ақауды толығымен жою және интернет сапасын қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.