АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс қайта ушығып, тараптар бір-біріне соққы жасады. Бұл туралы халықаралық БАҚ-тар хабарлады, деп жазды Alash.kz.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, Иран Кувейт пен Бахрейн бағытында жеті баллистикалық зымыран ұшырған. Оның алтауы әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылса, біреуі нысанаға жетпеген. Бұған дейін АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңына бағытталған төрт ирандық шабуылдаушы дронды атып түсіргенін мәлімдеді.
Осыдан кейін АҚШ әскері Иранның Горук аймағы мен Кешм аралы аумағындағы жағалаудағы радиолокациялық бақылау нысандарына соққы жасаған. Вашингтон бұл әрекетті теңіз жолдарына төнген қауіптің алдын алу мақсатында жүргізілген қорғаныс шарасы деп түсіндірді.
CENTCOM мәліметінше, шабуыл салдарынан америкалық әскери қызметкерлер арасында зардап шеккендер тіркелмеген. Сондай-ақ АҚШ тарапы Иранның Бахрейндегі АҚШ-тың 5-флоты орналасқан базаға зақым келтірдік деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға АҚШ пен Иран арасындағы онсыз да нәзік болып тұрған бітім үдерісіне қосымша қауіп төндіріп отыр.