Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдіріп, қақтығыстың ұзаққа созылғанын мойындады, деп жазды Alash.kz.
Ол бұл туралы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қытай медиакорпорациясына берген сұхбатында айтқан.
Песковтың сөзінше, қазіргі қақтығыстың тамыры тереңде жатыр және оның белсенді әскери кезеңі бірнеше жылға созылған.
«Бұл – бұрыннан келе жатқан қақтығыс. Ол ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Оның әскери кезеңі бесінші жылға ұласты. Бұл – ұзақ мерзім», – деді Кремль өкілі.
Сонымен қатар ол Ресей үшін бастапқыда қойылған міндеттер мен ұлттық мүдделерге қол жеткізудің маңызды екенін атап өтті.
«Ресей үшін өз мүдделеріне қол жеткізу, арнайы әскери операция басталған кезде қойылған міндеттерді орындау өте маңызды», – деді Дмитрий Песков.
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа байланысты халықаралық деңгейде бейбіт келіссөздер жүргізу мәселесі тұрақты түрде талқыланып келеді.