Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әділдікті қалаймыз!»: ІІМ экс-комитет басшысының ісіне қатысты ел естімеген ақпарат шықты

17:56, 07 маусым 2026

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық істі қарау процесі жалғасып жатыр, деп жазады Alash.kz.

Бұл іс елорда тұрғыны Сабина Кенжеғалиеваның қоғамға жасаған мәлімдемесінен кейін жаңа серпін алды. Оның айтуынша, осы істе жәбірленуші деп танылған туған сіңлісі ұзақ уақыт бойы тікелей жетекшісі тарапынан психологиялық қысым көріп, сексуалдық сипаттағы қоқан-лоқыға тап болған.

«Сіңілім одан бірнеше рет бас тартты. Кейін жағдай тіпті ушыға түсті. Оны кабинетіне шақырып, еркінен тыс ұстап, порнография көрсеткен, егер келіспесе, жұмыстан шығарамын деп қорқытқан. Әлі күнге дейін ойлаудың өзі қорқынышты әрекеттерді жасауға мәжбүрледі! Ол сіңлімнің екі баласы барын, оларды жалғыз тәрбиелеп отырғанын және жұмыстан кете алмайтынын пайдаланды. Тіпті, әріптестеріне өмірмен қоштасқысы келетінін айтқан. Сіңілім арыз түсірді», — деп бөлісті Сабина Кенжеғалиева.

Сонымен қатар жәбірленушінің туысы Мемлекет басшысына, құқық қорғау органдарына, сот билігі мен жұртшылыққа бағытталған арнайы бейнеүндеу жариялады. Өз мәлімдемесінде ол әйелдерді қызметтік жағдайды асыра пайдаланушылықтан және сексуалдық қысымнан қорғаудың маңыздылығын алға тартып, процестің ашық әрі объективті өтуін сұрады.

«Біз ерекше қарым-қатынасты талап етпейміз. Біз тек әділдікті қалаймыз», — деп атап өтті ол өз сөзінде.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Данияр Мейірханға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 123-бабы, яғни «Жыныстық қатынасқа, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу» айыбы тағылып отыр. Қазіргі таңда сот залында куәгерлерден жауап алу кезеңі жүріп жатыр.

Сот талқылауында жәбірленуші тараптың мүддесін белгілі адвокат Игорь Вранчев қорғауда. Ал сотталушының құқығын қорғауға төрт бірдей адвокат жұмылдырылған, олардың қатарында айыпталушының туған әпкесі Әлия Жаманбаева да бар.

Қазіргі уақытта Данияр Мейірхан өзіне тағылған айыптарды мүлдем мойындамайтынын алға тартуда, ал аталған шулы іс бойынша соттың соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар