АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзара тікелей кездесу өткізу идеясына қолдау білдірді, деп жазады Alash.kz.
Ақ үйде тілшілердің сауалдарына жауап берген ол екі ел жетекшісінің жүздесуі қалыптасқан қақтығысты реттеудегі маңызды қадам болатынын атап өтті. АҚШ басшысы екі тараптың да міндетті түрде диалогқа келуі қажеттігін алға тартты.
Дональд Трамптың айтуынша, бейбіт келісімге қол жеткізу үшін Мәскеу мен Киев өзара ымыраға келуге дайын болуы тиіс. Ол өз сөзінде бұл бағытта нақты ұсыныстар жасағанын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ АҚШ президенті журналистерге берген сұхбатында процестің барысы туралы былай деді:
«Меніңше, олардың кездескені дұрыс. Олар міндетті түрде сөйлесуі керек».
Қақтығысты шешудегі Вашингтонның рөліне тоқталған Трамп екі елдің ортақ мәмілеге келетініне сенімді:
«Олар белгілі бір келісімге келеді. Мен өз тарапымнан бірнеше ұсыныс жасадым. АҚШ бұл процеске елеулі деңгейде қатысып отыр».