Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыдағы жантүршігерлік жол апатын көрген куәгерлер жалған жауап берді деген күдікке ілінді

18:06, 06 маусым 2026

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты істе жаңа мән-жайлар белгілі болды. Апаттың куәгерлері жалған жауап берді деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Alash.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әңгіме жол-көлік оқиғасына күдікті болған Zeekr көлігінің жүргізушісімен бірге жүрген достары туралы болып отыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейрман Шекеевтің айтуынша, олар алғашқы жауап алу кезінде жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішпегенін мәлімдеген.

Алайда кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде күдіктінің қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған.

«Алғашқы жауап алу кезінде олардың барлығы Zeekr жүргізушісі Пактың алкогольдік ішімдік ішпегенін айтты. Алайда сараптама қорытындысы бойынша оның қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталды. Төлем түбіртектерінің көшірмелері анықтаушыларға берілді. Құжаттарда алкогольдік ішімдіктерге тапсырыс берілгені көрсетілген. Сондықтан бұл материал жеке өндіріске бөлініп, тергеу басқармасына жолданды», – деді адвокат.

Осыған байланысты көрінеу жалған жауап беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, күдіктілер алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурыз күні таңғы сағат 03:30 шамасында болған. Тергеу мәліметінше, жалған мемлекеттік нөмір таққан Zeekr көлігінің жүргізушісі мас күйде отырып, сағатына 219 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Кейін ол қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында қаза тапты.

Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін емделіп шыққан соң сәуір айында тергеу изоляторына қамалды.

28 мамырда Алматыда осы іс бойынша сот процесі басталды. Сот отырысында күдікті марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Қаза болғандардың екеуінің туыстары оны кешіретіндерін айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінген. Олардың айтуынша, күдікті барлық материалдық шығынды өтеген.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар