Алматыдағы KIMEP University университетінде 13 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан оқытушыға қатысты даулы жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп жазды Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде университеттің Әлеуметтік ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы Джейсон Гэйнос студенттерге жолдаған хаты тарады. Онда ол оқытушы Надим Накви туралы алаңдаушылық білдірген.
Гэйностың айтуынша, Накви 1999 жылы University of Georgia оқу орнынан студенттерге қатысты сексуалдық қысым көрсету фактілері бойынша жүргізілген ресми тергеуден кейін жұмыстан шығарылған. Бұл шешімді кейін Джорджия штатының регенттер кеңесі де күшінде қалдырған.
Бұрынғы декан университет басшылығына бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтады. Оның сөзінше, басшылық бұл оқиғалардың шамамен 30 жыл бұрын болғанын және Накви KIMEP-ке келген 2013 жылдан бері оған қатысты осындай шағымдардың тіркелмегенін алға тартып, мәселені өзекті деп санамаған.
Сондай-ақ Гэйнос өзіне қызметінен айырылу қаупі төніп тұрған кезде Наквиді қорғайтын ішкі саясат әзірлеу тапсырылғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, университет басшылығы студенттердің қауіпсіздігінен гөрі мекеменің беделін жоғары қойған.
Бұрынғы декан бұдан бөлек кейбір өзге оқытушыларға қатысты да студенттердің шағымдары болғанын жазған. Оның айтуынша, студенттер орынсыз сексуалдық астары бар пікірлерге, жағымсыз ескертулерге және кей жағдайда физикалық байланысқа қатысты жайсыздық сезінген.
Осы жағдайдан кейін Джейсон Гэйнос қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта KIMEP университеті бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. БАҚ өкілдері оқу орнына сауал жолдағанымен, жарияланған сәтте жауап түспеген.