Қызылорда облысында су арнасынан табылған 16 жасар қыздың жақындары жасөспірімді қаскөйлер азаптап өлтіргенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Шиелі ауданында 10-сыныпты жаңа аяқтаған мектеп оқушысының өлі денесі көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылды. «Информбюро» бағдарламасының ң хабарлауынша, марқұмның туыстары бұл оқиғаны қатыгездікпен жасалған қылмыс деп есептейді. Жасөспірім қыз осыдан үш күн бұрын кешке құрбысы телефон соққаннан кейін үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Жақындары бойжеткеннің түнде ауыл шетіндегі су айдынына жалғыз баруы мүмкін еместігін айтып, кінәлілердің әлі күнге дейін қолға түспегеніне наразы.
Қайғыдан қабырғасы қайысқан ана Гүлжайна Қалдыбаева қызының мәйіті табылған кездегі сұмдық жайттарды былай деп баяндады:
«Қыздың үстінде киімі жоқ. Аяқ киімі жоқ. Киімдері әлі табылған жоқ. Телефоны да жоқ. Жазықсыз өлтіргені айдан анық қой. Қинап солай өлтірген болып тұр».
Марқұмның туыстары құқық қорғау органдарынан қылмыстың бетін тезірек ашып, қаскөйлерді заң бойынша ең ауыр жазаға тартуды талап етіп отыр.