Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Соғыс шебінен шығарылды»: Мейірман Шекеев Ресейге кеткен қазақстандықтар туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

10:38, 16 қазан 2026

Украина аумағындағы соғыс әрекеттеріне тартылып кеткен жеті қазақстандық азамат майдан шебінен қауіпсіз жерге шығарылып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл қуанышты жаңалықты қазақстандықтарға заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жеткізді.

Ол өз жазбасында: «Алла қалап балалардың қазіргі таңда жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Алла қалап елгеде келер күні де алыс емес сияқты. Лайым жақсы жаңалық көп болғай», — деп сүйінші хабар бөлісті.

Еске сала кетсек, осы жағдайға байланысты бірнеше күн бұрын соғысқа кеткен азаматтардың ата-аналары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ғимараты алдына келіп жиналған болатын. Олар балаларының өмірі мен тағдырына алаңдаушылық білдіріп, министрлік өкілдеріне ахуалды жеткізу мақсатында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еді.

Мәселенің ушығуына Шымкент қаласының тұрғыны Сымбат Келдібектің дабыл қағуы түрткі болған болатын. Ол 2006 жылы туған бауыры Айнабек Келдібектің Ресейге жұмыс істеу мақсатында барып, артынша соғысқа тартылып кету қаупі төніп тұрғанын айтып, қоғамнан көмек сұраған еді.

Белгілі болғандай, жас жігіт биыл маусым айында ғана Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын аяқтап келген. Артынша, 27 тамызда ол досымен бірге елден сыртқары жерде табыс табу ниетімен Ресейге аттанып кеткен. Кейіннен бірнеше қазақстандық азаматтың соғысқа амалсыз тартылғанын айтып, көмек сұраған бейнеүндеулері әлеуметтік желілерде лезде тарап кеткен болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар