Шетелде еңбек етемін деп жүріп Украинадағы әскери қақтығыстың ортасынан бір-ақ шыққан Қазақстан азаматтарын отанға қайтару процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәселенің басы бұған дейін әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуден басталған еді. Онда бірнеше қазақстандық жігіт Ресейге бастапқыда күзет агенттіктерінде жұмыс істеу мақсатында барғандарын айтқан. Бірақ кейіннен оларды РФ Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға күштеп мәжбүрлегенін және майдан даласына аттандырмақ болғанын жеткізген.
Осы жағдайға байланысты журналистердің соғыс аймағындағы отандастарымызды елге қайтару процесінің неге созылып жатқаны туралы сауалына Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ресми түрде жауап берді.
Ол өз сөзінде: «Бәрін анықтап алайық. Олардың мұндай жағдайға қалай тап болғаны әзірге белгісіз. Біз мән-жайды анықтап жатырмыз. Ресей тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіліп жатыр, отбасыларымен жұмыс істеп жатырмыз», — деп мәлімдеді.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері бұл түйткілді Қазақстанның Ресейдегі консулдық қызметінің жеткіліксіз жұмысымен байланыстыруға бола ма деп сұраған еді. Алайда СІМ басшысының орынбасары бұл пікірмен келіспейтінін білдірді.
Вице-министр: «Жоқ, мүлде олай ойламаймын. Түсінесіздер ме, азаматтардың өз жауапкершілігі бар. Олар қол қоятын құжаттарымен танысуы керек», — деп жауап берді.
Сондай-ақ дипломатиялық өкіл азаматтардың арбауға түсіп, алданып қалу мүмкіндігін толықтай жоққа шығарған жоқ.
Ержан Ашықбаев: «Әрине, адамдардың алдау арқылы осындай жағдайға тап болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ тағы да қайталаймын, әрбір жағдай бойынша құжаттардың мәнін, олардың ол жаққа қалай және қандай негізде барғанын анықтап жатырмыз», — деп атап өтті.
Десе де, Сыртқы істер министрлігінің өкілі соғыс ошағында жүрген азаматтардың елге нақты қай күні қайтарылатынын мерзімдік тұрғыдан ашып айтқан жоқ. Қазіргі уақытта әрбір жағдай бойынша зерттеу мен келіссөз жұмыстары жалғасуда.