Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақмыс» өндіріс ошақтарын жаңартуда: Жезқазғандағы №1 конвертерді қалпына келтіру аяқталуға жақын (ВИДЕО)

12:00, 15 қазан 2026

«Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытында өндірістік қуаттың үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Штейн өңдеуге және тазартылмаған мыс алуға арналған бұл жабдықты қалпына келтіруге арнайы 396,9 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қазанның 1-інде басталған жұмыстар барысында мамандар конвертердің футеровкасын толықтай ауыстырып, қаңқасын дәнекерледі. Бұдан бөлек, №2, №3 және №4 бронь тақталары жаңартылды. Бұл шаралардың басты мақсаты – агрегаттың техникалық жай-күйін қалпына келтіріп, оның үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Жалпы Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехында төрт бірдей конвертер орнатылған. Оларға техникалық қызмет көрсету жұмыстары жоспарлы-алдын алу жөндеуінің (ЖАЖ) жылдық кестесі бойынша орындалады. Мұндағы ағымдағы жөндеу бекітілген бюджет шегінде, ал күрделі жөндеу арнайы инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Әрбір конвертердің жөндеуаралық циклы 160 балқыманы құрайды.

Жоспарға сәйкес, №1 конвертердегі жұмыстар аяқталған соң, 20 қазанда №2 конвертер ағымдағы жөндеуге тоқтатылады. Одан кейін, 7 қарашада №3 конвертерде жөндеу жұмыстары басталады. Мұндай кезең-кезеңімен атқарылатын тәсіл өндірістік кестені бұзбай, жабдықтарды ретімен жаңартуға жағдай жасайды.

Еске сала кетейік, «Қазақмыс» компаниясы 2026 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлетінін бұған дейін де хабарлаған болатын. Бұл инфрақұрылымды жаңарту мен жоспарлы жөндеу шаралары өндірістік қуаттың сенімділігін арттыруға және технологиялық процестің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар