Ресейдің Алтай аймағында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі Қазақстан азаматы қаза тауып, тағы үш отандасымыз түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 27 шілдеде көрші мемлекеттің Улаган ауданында, Акташ ауылына жақын маңда болған. Тексеру жүргізуші куәлігі жоқ, мас күйде болған 31 жастағы жергілікті тұрғын Toyota Avensis маркалы автокөлігімен қарсы бағытқа шығып кетіп, тізгінінде 40 жастағы Қазақстан азаматы отырған Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқанын көрсетті.
Апаттан кейін екі көліктегі де жолаушылар мен Chevrolet жүргізушісі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Алайда ауыр дене жарақатын алған 40 жастағы жүргізуші мен оның 44 жастағы жолаушысы, Қазақстан азаматшасы дәрігерлердің әрекетіне қарамастан қайтыс болды.
Алтай Республикасы ІІМ ұсынған ресми мәліметке сәйкес, Chevrolet автокөлігінде зардап шеккен қалған үш жолаушы – екі 63 жастағы ер адам мен 13 жасар бойжеткен де Қазақстан Республикасының азаматтары. Сонымен қатар Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы да түрлі дене жарақаттарын алған, ал апатқа себепші болған рөлдегі әйелді ауруханаға жатқызудың қажеті болмаған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық егжей-тегжейі мен мән-жайын анықтау мақсатында тиісті тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.