Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов азаматтардың зейнетақы активтерін жеке инвесткомпанияларға толықтай аудару мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.
Ол БЖЗҚ мен жеке қорлардың жұмыс қарқынын салыстыра отырып, жүйедегі бәсекелестіктің маңыздылығын атап өтті. Бұл бастама өткен аптада үкімет деңгейінде көтерілген болатын, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Тимур Сүлейменов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқарудағы кейбір қиындықтарды ашық айтты. Оның пайымдауынша, қордың көлемі тым үлкен болғандықтан, ол нарықтағы өзгерістерге жеке компаниялар сияқты жедел әрекет ете алмайды. Қаржы реттеушісінің басшысы бұл жағдайды былай деп сипаттады:
«Біз БЖЗҚ ретінде 27 триллион теңгені басқаратындықтан, нарықтағы жағдайға жылдам икемделе алмайтын алып сусиырмыз. Осы себепті біз нарықтағы өзгерістерге шағын зейнетақы қорлары сияқты жедел жауап қата алмаймыз. Біз шешім қабылдағанша, кішігірім зейнетақы қорлары өз портфельдерін қайта бөліп, түрлі табыс көздерін тауып үлгереді. Негізі бұл жақсы үрдіс, себебі азаматтардың өз қаржысын басқаруда таңдау мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан мен бұл бастаманы қолдаймын».
Ұлттық банк басшысы жеке қорлардың портфельдерді тез икемдеп, әртүрлі табыс көздерін табу қабілетін оң бағалады. Ол азаматтардың өз жинақтарын басқаруда таңдау еркіндігі болуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, Сүлейменов өзінің де жинақтарын жеке басқаруға беруді қарастырып жүргенін жеткізді.