Қазалыда құлдықта жүрген әнші бала Қоныс туралы бұған дейінгі жазбамызда жасөспірімге мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың барып қайтқаны туралы жариялағанбыз.
Депутат одан кейін өз парақшасында Қазалы сапары туралы толыққанды материал жариялап, қорада ән салған Қоныс туралы жан жақты мәлімет берді, деп жазады Alash.KZ.
"Өздеріңіз көріп, естіп отырғандай, Қазалыға барып келдім. Нақты қай мәселені реттедік, енді не болады, тарқатып жазайын" дейді депутат. Одан ары мәжілісмен мәселені былайша өрбітеді:
1. Көмекке, тіпті бірінші кезекте мейірімге мұқтаж адамдарды бауырына басқан Раббилдің шаңырағына барып, алғыс айттым. Қоғамға осындай жанашырлық үлгі болсын. Жасаған жақсылығы құдайдан қайтсын. Раббилге ешқандай қысым жүрмейді. Қызметіңе алаңдама деп уәде бердім.
2. Істің ақ-қарасын арнайы органдар зерттеп, Сот баға береді. Бұл ұзақ процесс. Осы отбасының абыройын қорғап беремін деген білікті адвокаттар болса, маған хабарласыңыздар. Бір нәрсе анық: бұл кісілер ауыр жұмыс істегені көрініп тұр. Жарақаттары да бар…
3. Қазалы ауданының әкімімен кездесіп, ақылдастық. Істі өз бақылауымда ұстаймын деп уәде берді. Кейін аудандық ішкі істер бөліміне барып, басшылықпен сөйлесіп шықтым…
4. Бірақ мен үшін мына мәселелер маңызды: Бұл кісілерге психологиялық көмек керек. Балаларға білім алу керек. Мектепке баруы керек. Жөнді жылы киімдері де жоқ. Мектептің керек-жарақтары бар. Қысқасы, бұған қатысты шығындарды реттеймін.
5. Балаларды медициналық тексеруден өткіземіз. Ауыр жұмыс, түрлі жарақат, қиын тұрмыс-тіршілік балаларды қажытып жіберген. Бұған қажет шығындарды да реттеймін. Аудан әкімі де қарап қалмас деген сенімдемін
6. Бұл отбасы ешкімге қарамай өмір сүріп кетуі керек. Ол үшін үй керек. Алыс жолдан келгесін жерде бұл мәселені де сұрақ ретінде қалдырмаған дұрыс деп санадым. Раббилмен ақылдасып жатырмыз. Өздеріне жақын жерден үй салып береміз. Шығыны менің мойнымда. Немесе қора-жайы бар, шаруашылыққа келетін дайын үй көреміз дедік…
7. Сіздерден өтінерім, “ұрып-соққан ба?”, “кім күшпен ұстаған?” деген секілді сауалдар жараның бетін тырнағандай әсер қалдыруда. Балалардың болашағы алда. Үлбіреген қыздың абыройын да бір сәт ұмытпайық. Істің ақ-қарасын Сотқа қалдырайық.