Қызылорда облысы Арал ауданында учаскелік полицейдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
38 жастағы Мырзажан Жәкеновтің денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған. Ішкі Істер органының қызметкерін өлтірді деген күдікті қазір іздестіріліп жатыр.
31 арнаның хабарлауынша, тәртіп сақшының денесін үйдің ауласынан тұрғындар көріп, жедел жәрдем қызметін шақыртыпты. Алайда дәрігерлер келгенде азаматтың жүрегі тоқтап қалған екен.
Марқұм ауыр соққылардан көз жұмуы мүмкін. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Полиция күдіктінің жеке басын анықтап, ұстау операциясын бастады.
39 жастағы ер адам отбасылық жанжал үшін талай мәрте жауапкершілікке тартылған. Оған хаттаманы дәл осы Мырзажан Жәкенов толтырған екен.
Күдіктінің учаскелік полицейді соққыға жығып, із суытуына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Қазір "адам өлтіру" бабымен тергеу жүргізіліп жатыр.
«Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған. Қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды, оны ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Бұған дейін күдікті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін қайтыс болған учаскелік инспектор тарапынан бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Сәулебеков.