Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Құлдыққа сатылып па еді? Ол да біреудің аялап баққан баласы»: Роза Әлқожа өткір мәлімдеме жасады

17:09, 01 қыркүйек 2026

Танымал әнші Роза Әлқожа қоғамдағы әйел құқығы мен келіндердің отбасындағы орны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі оқырмандарының сұрағына орай отбасындағы келін рөлі, әйелдердің мойнына асылған ауыр жүк пен еркектердің жауапкершілігі төңірегінде ой толғады. Өнер иесі көпшіліктің өзінен «Барни» кейсі бойынша неге үндемегенін сұрағанын жасырмады.

«Сіз неге барни жайлы үндемедіңіз?» депті бір оқырман. Не дейін? Әдетте әңгіме бәрі біткенде ғана айтылады, ашылады. Ал, сол халде жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Торға түскен торғайдай, «келінді күң қылады күте алмағанның» күйін кешіп жүр. Кетейін десе «кел» дейтін анасы жоқ. Ата-ананың абыройы, аға-бауырдың намысы деп іштей тұншығады. Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?! Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек? Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек? Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!», – деді әнші.

Әнші бұл мәселенің шығу төркіні әлдеқайда тереңде жатқанын атап өтп, отбасылық өмірдегі тығырықтан шыға алмай жүрген қыз-келіншектердің аянышты халін жеткізді.

«Жазайын десең сөз көп. Айтсаң ар жағы ақтарылып кете ме деп аузыңды ашпайсың. Әйтпесе әндетпек түгілі, зар дастан айтуға бармыз. Үндемегенге сүмелек, жасырғанға жасық деп қалмаңыздар. Сұрайтын адам болмаған соң да ішімізде. Күйбеңнің қамытын бір келінге артып қойып, қызықтап отыратын бұл азаптар алаңы емес. Оның да арманы бар, қалауы бар, көңілі бар. Оның да жүйкесі бар, ашуы бар, адам деген аты бар, Алланың аманаты жекеменшік емес. Сүйегінің сұрауы бар, затының тегі бар. Тек, «жұрты қалар баламның көшіп көрсем» деп босағасын тастай алмай жүр…», – деп жазды Роза Әлқожа.

Сонымен қатар өнер иесі шаңырақ көтерудегі басты фактор – жауапкершілік екенін айтып, Ер азаматтарды есеюге шақырды.

«Отбасы деген - жауапкершілік. Әуелде шамасы келмейтін балаға келін алмау керек. Жараспаса жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы. Шешесінің етегін жібермейтін еркек көп. Ананы сыйлау әйелді жығып беру емес. Есею керек ерлерге. Отбасының тізгінін ұстай алмаған Отанды қалай қорғайды?!», – деп түйіндеді өнер иесі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар