Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Толықтай кінәлі деп танылды»: Сүт фермасындағы 6 адамның қазасына қатысты маңызды мәлімет шықты

12:17, 02 қыркүйек 2026

Павлодар өңіріндегі «Aqtogai milk» сүт фермасында орын алған, алты адамның өмірін жалмаған сұмдық оқиғаға байланысты арнайы тексеру аяқталып, қайғылы жағдайға кәсіпорын басшылығы толықтай кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 20 шілдесінде кәріз құдығында орналасқан электр сорғышын жөндеу барысында бірнеше жұмысшы ажал құшқан еді. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл топтық қайғылы факті бойынша жүргізілген арнайы тергеудің ресми нәтижелерін жария етті.

«Сероводород (күкіртсутек) газының уытты әсерінен бір-біріне көмектеспек болған алты жумысшы қаза тапты», – деп мәлімдеді құзырлы ведомствоның баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын зерттеген үкіметтік комиссия серіктестікте қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу ережелері атымен оқытылмағанын әрі қызметкерлерге қажетті жеке қорғаныс жабдықтары берілмегенін анықтады.

«Бұдан бөлек, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру қауіпсіздіктің тиісті деңгейін, соның ішінде апаттық жағдай туындағанда және құтқару шараларын жүргізген кездегі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаған», – деп атап өтті арнайы комиссия мамандары.

Жан-жақты тексеру қорытындысы бойынша «Aqtogai Milk» ЖШС басшылығының кінәсі 100 пайыз көлемінде дәлелденіп, оқиғаға жауапты лауазымды тұлғалардың тізімі бекітілді. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында тиісті ұсыныстар әзірленді. Осыған орай, Еңбек министрлігі Павлодар облысы мен өзге де аймақтардағы кәсіпорын иелеріне құдық, резервуар сықылды тұйық кеңістіктердегі қауіпті жұмыстардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды ескертті.

Айта кетерлігі, шілдедегі трагедия кезінде құдыққа түскен жұмысшылардың бірі ұлы газдан есінен танып қалғанда, әріптестері оны құтқармақ болып бірінен соң бірі төменге түсіп, салдарынан барлығы сол жерде көз жұмған еді. Оқиғадан кейін компания қожайыны, облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьев қаза тапқандардың жақындарына көмек беріп, мәселені өз бақылауына алатынын айтқан. Алайда кейіннен кәсіпкердің өзі де осы қылмыстық іс бойынша айыпталып, 2026 жылдың 11 тамызында құрықталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар