АҚШ президенті Дональд Трамп Иорданиядағы америкалық нысандарға жасалған зымыран шабуылынан кейін Иранға әскери соққы берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақ үй басшысы бұл туралы Fox News телеарнасына берген сұхбатында ашық айтты. Трамптың сөзінше, Тегеран кемінде сегіз баллистикалық зымыран ұшырған, алайда олардың басым бөлігі дер кезінде атып түсірілген.
«Біз оларға өте ауыр соққы береміз. Жауап міндетті түрде болады», – деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Иранның қазіргі саяси және экономикалық ахуалына шорт кесіп баға берді. Оның айтуынша, бұл мемлекет толықтай күйреген.
«Иран ресми түрде дағдарысқа ұшыраған мемлекетке айналды. Ол құрдымға кетті (өлі мемлекет)», – деп жазды Америка басшысы.
Трамп Иранның енді өзге елдерге қарсы төтеп берерліктей толыққанды флоты мен авиациясы қалмағанын, ұлттық валютасының құнсызданғанын және ел басшылығының «толық бейберекетсіздікке» түскенін атап өтті.
Өз кезегінде Тегеран тарапы да қарап қалмай, АҚШ-қа сес көрсетіп, жағдайды одан әрі шиеленістіретінін ескертті. Иранның жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне берген пікірінде америкалық тараптың кез келген әскери әрекеті жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
«АҚШ тарапынан жасалған кез келген жаңа соққыға ондаған есе қатаң жауап беріледі», – деп мәлімдеді Иран өкілі.
Бұған қоса Иран әкімшілігі стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы халықаралық кеме қатынасына одан әрі кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Ал Washington Post басылымының таратқан мәліметіне сүйенсек, америкалық әскери басшылықтың кейбір өкілдері Таяу Шығыстағы бұл қақтығыстың ұзаққа созылып кетуінен қауіптеніп отыр. Қазіргі уақытта бұл аймақта АҚШ-тың 50 мыңнан астам әскери қызметшісі орналасқан.