Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқан»: ҰҚК маңызды мәлімдеме жасады

14:18, 02 қыркүйек 2026

Қазақстанда 2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам сотталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл азаматтардың барлығы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген қылмыстық істер бойынша кінәлі деп танылған.

«2026 жылдың маусым-тамыз айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады комитеттен.

Сотталғандардың бірі – 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздеуде болған Алматы қаласының тумасы. Ол Түркия аумағында анықталып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған болатын. Елге жеткізілген бойда қамауға алынған азаматты сот 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар Шымкент қаласының тұрғыны да тиісті жазасын алды. Ол әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларын жасауға айтақтағаны үшін 9 жылға сотталды.

Осы аралықта Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тағы 28 адам ұсталды.

ҰҚК берген ақпаратқа сәйкес, ұсталғандар терроризмді насихаттау, діни араздықты қоздыру, ғаламторда және өз ортасында тыйым салынған материалдарды тарату, сондай-ақ экстремистік ұйымдардың қызметіне қатысу күдігіне ілінген.

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге де ақпараттар жария етуге жатпайды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар