Арыс қаласындағы тұрақты түрде жүргізіліп жатқан оқ-дәрілерді жою жұмыстары салдарынан жүздеген баспана қираудың сәл-ақ алдында тұр, деп хабарлайды Alash.kz.
Әскери нысанға иек артқан Көктем шағын ауданында бүгінде қабырғасы сөгілмеген бірде-бір баспана қалмаған. Ертерек көктемнен қара күзге дейін, аптасына бес күн бойы толассыз соққыдан әбден қажыған тұрғындар жарылыстарды алыс аймаққа көшіруді және баспаналарына келтірілген шығынның өтелуін талап етіп отыр.
Он жылға да жетпейтін уақыт бұрын тұрғызылған, 300-ден астам үйі бар бұл шағын аудандағы баспаналардың бәрінде терең сызаттар пайда болған. Үш жыл бұрын ғана күйген кірпіштен үй соққан, сегіз баланың әкесі Талғат Пашекеев баспанасының жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын айтады.
«Наурыздан қарашаға дейін жарылыс, дүйсенбі күннен жұмыс күніне дейін. Күніге, содан жарылыс, бекерден‑бекерге жарылмайтын шығар бұл үй. Талаптарымыз - жарылысты сәл азайтса, бәрібір бұл жерден ешкім көшіп кетпейді ғой. Ешкімге шағымымыз жоқ, бірақ жарылысты азайтса, мынау кеткен шығынымызды да есептеп, өтеп берсін», – деді Талғат Пашекеев.
Сондай-ақ тұрғындар баспаналардың қай күні құлайтынына алаңдап, төбелердің ашылып, гипсокартон мен дуалдардың қақ айрылып жатқанын алға тартуда. Арыс тұрғындарының сөзінше, әскерилер оқ-дәрілерді қаладан 60 шақырым жердегі арнайы полигонда емес, үйлерге тым жақын орналасқан бункерде жаратын көрінеді.
«Әскери бөлімнің ішінде жарып жатыр, күніге жарады. Ол жеті жылдан бері жарылып келе жатыр. Неғылған таусылмайтын снаряд. Жылда ремонт жасап жатырмыз. Үй жарылып жатыр, жалғыз менің үйім емес, қанша үй тұр ғой, Жданов ауылында. Бізге жарылып жатқаны күніге сезіледі. Күніге діріл», – деді жергілікті тұрғын Қайрат Смайылов.
Өз кезегінде әскери бөлім өкілдері табылған жарылғыш заттарды шалғайдағы полигонға тасымалдау кейде мүмкін емес екенін айтып ақталуда. Тасымалдауға қауіпті снарядтарды амалсыздан жақын маңдағы бункерде жоюға тура келеді дейді олар.
«Бірінші мәселе - қауіпсіздік. Күнделікті табылған оқ-дәрі санына байланысты, ол 30-20 болуы мүмкін. Санына, құрамына байланысты жүргізіледі және күніне 30 шақты жарылғыш жару әдісімен жүргізіледі. Өз аумағымызда және полигонда. Неге десеңіз, бұл жерде қауіпсіздік, тасымалдауға болмайтын оқ-дәріні осы жерде, барлық элементті, қауіпсіздікті сақтай отырып, осы жерде жүреді», – деп түсіндірді Арыс гарнизоны бастығының орынбасары Бағдат Мыңбаев.
Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын арнайы сарапшылар оқ-дәріні әскери бөлім аумағында жоюға болатынын және оның үйлерге ешқандай зияны жоқтығын айтып қорытынды шығарған екен. Әскерилер өз әрекеттерін осы құжатпен негіздейді. Ал күн сайын үйлері сөгіліп жатқан арыстықтар керісінше, «дүмпуден еш зиян жоқ» деп бұрыс шешім шығарған сарапшыларды заң алдында жауапқа тартуды талап етуде.