Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Иран Президенті Нью-Йоркке баратын болды»: Трамп бұл туралы не дейді?

17:25, 22 қыркүйек 2026

Иран Президенті Масуд Пезешкиан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке ұшып кетті, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл сапар Дональд Трамппен ықтимал кездесу аясында халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аударып отыр. АҚШ Президенті бұған дейін Fox News арнасына берген сұхбатында Иран басшысымен жүздесуі мүмкін екенін жоққа шығармаған еді.

«Вашингтон Тегеранға қатысты одан арғы әрекеттерін әлі де айқындап жатыр», — деді Дональд Трамп.

Бас Ассамблеяда Иран президенті елдің ресми ұстанымын баяндауды, өзге де мемлекет басшыларымен, сондай-ақ АҚШ-тағы ирандық диаспорамен және сараптамалық орталық өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. NBC News мәліметінше, АҚШ тарапы Масуд Пезешкианға, СІМ басшысы Аббас Арагчиге және делегацияның басқа мүшелеріне виза бергенімен, олардың жүріп-тұруы мен сауда-саттық жасауына қатаң шектеулер енгізді. Мемлекеттік департамент мұны БҰҰ штаб-пәтері орналасқан ел ретіндегі міндеттемесімен түсіндірді.

Бұл сапар АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қарулы қақтығыс фонында өтуде. Тегеран Катар арқылы америкалық тарапқа соғысты тоқтату шарттарын (барлық майданда әскери қимылды тоқтату, ирандық активтерді бұғаттан шығару және теңіз блокадасын жою) жолдаған. Ал Палестина лидері Махмуд Аббасқа виза берілмегендіктен, ол жиынға бейнебайланыс арқылы қатысады.

Бұл сессия екінші мерзімі 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатын БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш үшін соңғысы болмақ. Жиында Украинадағы соғыс, Таяу Шығыс дағдарысы және БҰҰ-ның келешегі талқыланады. Қазақстандық делегацияны СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді бастап барды, ол БҰҰ реформасы, климат және жасанды интеллектіні реттеу мәселелеріне қатысады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар