Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Күдікке бұрынғы жігіті ілінді»: Семейде 19 жастағы қызды жауыздықпен өлтірді

22:00, 22 қыркүйек 2026

Семейде студент қызды жауыздықпен өлтірді. 19 жастағы Дильяра Сәлімбаева пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Alash.kz.

КТК арнасының мәліметінше, бойжеткенді өлтірді деген күдікке 24 жастағы бұрынғы жігіті ілінді. Куәгерлер ұрыс-керіс кезінде марқұмның жан дауысы шыққанын айтады.

Қанды оқиға көшенің қақ ортасында болған. Жерге тамған қан дақтары кеппеген күйі әлі жатыр. Бойжеткенге көрсетілген алғашқы медициналық көмекте кисе керек, қолғап пен жейдесі де сол күйі қалған. Ал куәгерлердің айтуынша, кикілжің кезінде Дильяраның дауысы қатты шыққан. Кейін бірнеше жерден пышақ жарақатын алған қыздың жерде сұлап жатқанын көрдік деп отыр. 

Ирина Лысак, куәгер:

— Мен аулада болдым. Ұрыс-керістен шыққан айғай-шуды естідім. Қыз айқайлады. Содан кейін қарасам, қыз жерде жатыр. Бар жер қанжоса. Оған жүрек массажы жасалды. Бір жігіт тұрды. Жылады.

Қазір қызға суық қару ала жүгірген күдікті бұрынғы жігіті екені айтылуда. Ол көмек көрсетпестен оқиға орнынан бой тасалапты. Бірақ жол жиегіндегі үйдің қоршауынан секірген сәтте қылмыс жасаған пышағын түсіріп алған көрінеді. Ал екі бірдей жедел жәрдем жеткенмен, бойжеткеннің өміріне араша түсуге кеш болды. 

Азамат Құжыкенов,куәгер:

— Сосын бір бала жүгіріп келді де, менен көмек сұрады. Шықсам, пышақталған бір қыз жатыр. Сосын жедел жәрдем, полиция келді, бізді үйге қайтарып жіберді. Бір қыз көмек көрсетіп жатты. Пышақ тек бір жерден тығылмаған екен, қолтығында болды. Дәрігерлер қолын дәкеменен орап жатты.

Дильяра жергілікті колледждің үшінші курс студенті болған. Марқұм жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздары қыздың тәрбиелі болғанын және сабақты үздік оқығанын айтады. Оның фотосы оқу орынының мақтаныш тақтасында ілініп тұр. Ал қылмыс болған күні таңертең ол сабақта болған.

Айман Смайылова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

 — Иә, біз бүгін әкімшілікпен үйіне барып келдік. Әке-шешесі Көкпекті ауылынан келіп отыр. Ол қыз нағашы апасының қолында тұрған. Бәріміз таңертен барып көңіл айттық. Сөз жоқ ...

Өкінішке қарай 19 жастағы Дильяра алған пышақ жарақатынан сол жерде ажал құшты. Қазір полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктінің ұсталғанын жеткізді. 

Ержан Аққалиев, Семей қаласы, ПБ бастығының орынбасары:

— Күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм таныс болған.

Полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оқиғаның барлық мән-жайы алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал адам қолынан қаза тапқан қыздың сүйегі Көкпекті ауданында жерленеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар