Астана полициясы емдік массаж қызметін көрсететін бойжеткенді зорлау ісі бойынша күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін құқық қорғаушы Ләззат Рақышева зардап шегушінің оқиғасын жариялап, тергеу барысына қатысты біршама күмәнді сұрақтар көтерген болатын. Рақышеваның айтуынша, 21 қыркүйек күні кешке бойжеткен Human Rights Lawyers қорына заңгерлік көмек алу үшін жүгінген. Оқиға 4 шілдеде орын алғанымен, зардап шегуші істің созбақталып кеткеніне шағымданған.
Threads желісінде тараған мәліметке сәйкес, бойжеткен сұлулық салонынан кабинет жалдап, емдік массаж жасаумен айналысқан. Клиенттердің бірі сеанс аяқталған соң интимдік қызметтер туралы сұрағанда, бойжеткен кесімді түрде бас тартып, оны WhatsApp желісінде бұғаттаған.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде ер адам қайта хабарласып, үйге барып массаж жасауға тапсырыс берген. Бойжеткен барар алдында интимдік қызмет көрсетпейтінін бірнеше рет ескерткенін айтады. Сеанс кезінде ер адам оған тап беріп, соққыға жығып, жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Ол пәтерден қашып шығуға тырысып, терезеден көмек сұрап айқайлағанымен, ер адам оны ұстап тұрып, пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен.
Ауладағы адамдар айқайды естіп, бойжеткен пәтерден шыға алған сәтте көмектескен. Екі жас жігіт полиция шақырып, тәртіп сақшылары ер адамды ұстаған. Дегенмен, Рақышеваның сөзінше, полицияға алғаш жеткізілгеннен кейін ер адам босатылып, ұзақ уақыт бойы қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесінде жүрген. Сонымен қатар зардап шегуші оқиғадан кейін полиция қызметкерлері оны күдіктімен бір бөлмеде қалдырғанын жеткізді.
Қазіргі уақытта фонд бұл істі өз бақылауына алды. Зардап шегуші тергеушіні шеттету туралы өтініш білдіріп, істі аудандық бөлімнен Астана қалалық ПД Тергеу басқармасына тапсыруды талап етті.
Елордалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады Астана қалалық ПД.
Ведомство өкілдері қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын атап өтті.