Жас буын өкілдерін ғылым, инженерия және технология бағыттарына баулу мақсатында Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы Мәдениет және ақпарат министрі мен Оқу-ағарту министріне арнайы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Парламент өкілі сөз басында жаңарған Конституцияда білім, ғылым, мәдениет пен инновация құндылықтарына ерекше орын берілгенін тілге тиек етті.
«Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен елді танытудың маңызды тетігі. Ата заңда айшықталған құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір байыпсыз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» бастауы. Еліміз «Әділет!» деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!» — деп атап өтті депутат.
Құрылтай депутаты озық ойлы ұлтты қалыптастыруда жауапты оқушының, үлгілі ата-ана мен мұғалімнің еңбегі орасан екенін айтты. Оның уәжінше, қазіргі таңда мемлекетке инженерлік, технологиялық ізденістер мен өнертабыстар ауадай қажет. Мемлекетшіл тұлғатану идеясы аясында ХХ ғасыр басындағы Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ибадулла Ақбергенұлынан бастап, кеңестік кезеңдегі Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Мұрат Айтқожин және бүгінгі күннің дара тұлғалары Оразақ Ысмағұлов пен Мұхтарбай Өтелбаев секілді жүздеген ғалымдарды мектеп пен университет қабырғасында ұдайы үлгі ету қажет. Бұл отаншылдық пен ақыл-ой қорын — «адам капиталын» дамытудың жүйелі жолы болмақ.
Көтерілген мәселелерге байланысты депутат Үкіметке нақты ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда, ғалымдар мен инженерлердің қоғамдық бейнесін айшықтайтын кешенді жобалар әзірлеу, ғылым қайраткерлерін бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда тұрақты насихаттау, сондай-ақ талантты жастарды техникалық әрі жаратылыстану мамандықтарына баулитын тиімді бағдарламалар дайындау қажеттігі айтылды. Оған қоса, орта білім беру ұйымдарының, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесін бағалайтын көрсеткіштерге (KPI) инженерлік-техникалық бағыттағы конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысын жеке критерий ретінде қосу ұсынылды.