Құрылтайда қылмыстық істер бойынша еуропалық мемлекеттермен құқықтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау ұсынылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова өз баяндамасында Конвенцияны ратификациялау жаңа Конституцияда бекітілген заң үстемдігін, адам құқықтарын қорғауды және қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің бұл бағытта 2001 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқанына және 2025 жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Қазақстанды Конвенцияға қосылуға шақырғанына тоқталды.
Халықаралық келісім шарттарына сәйкес, Конвенцияның 28-бабы бойынша Еуропа Кеңесіне мүше емес мемлекет Министрлер комитетінің шақыруымен оған қосыла алады. Қосылу туралы құжат Бас хатшыға тапсырылғаннан кейін Конвенция 90 күннен соң күшіне енеді.
Депутат өз сөзінде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, былай деді:
«Бүгінде қылмыстар бір мемлекеттің шегінде қалмайды: дәлелдемелер, куәлар, жәбірленушілер, күдіктілер мен активтер әр елде болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексерудің тиімділігі қажетті мәліметтерді шетелден жедел алуға және процестік әрекеттерді уақтылы жүргізуге байланысты».
Заң жобасы жұмыс тобында жан-жақты талқыланып, Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің оң қорытындысын алған. Осыған орай, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.