Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) екінші орта салмақ дәрежесінде WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек өткізетін болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) бұл кездесуді ресми түрде бекітіп, отандық спортшының қарсыласы ретінде шаршы алаңда әлі жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банкты (20-0, 11 КО) белгіледі. WBO басшысы Густаво Оливьери екі тараптың өкілдеріне жекпе-жекті ұйымдастыру шартын келісу үшін 15 күн мұрсат берді. Егер белгіленген мерзімде келісім жасалмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік сауда-саттыққа шығарылады.
Мұндай мүмкіндіктің туындауына бұған дейінгі белбеу иегері, британдық Хамза Шираздың қазақстандық боксшымен кездесуден бас тартып, чемпиондық титулын босатуы себеп болды. Ал рейтингте екінші орында тұрған Диего Пачеко қазіргі уақытта өзге жекпе-жектер бойынша келіссөз жүргізіп жатқандықтан, таңдау WBO тизімінде үшінші сатыдағы 25 жастағы Дания спортшысына түсті.
Бұл айқас «Қазақ стилі» үшін өзінің шаршы алаңдағы ыңғайсыз әрі қауіпті қарсылас екенін кезекті мәрте дәлелдеп, мансабында екінші салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық белбеуді еншілеуге жол ашады.