Семейде 19 жастағы бойжеткен бұрынғы жігітінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға Абай облысындағы Водный кентінде орын алды. Басты күдікті – бойжеткеннің бұрынғы жігіті. Оның бойжеткенге пышақпен тап бергені хабарланды. Оқиға орнында қанға бөккен қолғаптар мен медициналық бұйымдар шашылып жатыр, тұрғындар оған алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал кезінде олар бойжеткеннің қатты шыңғырған дауысын естіген. Тұрғындар көшеге шыққанда, оның жерде сұлап жатқанын көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Ал күдікті болса, маңайдағы үйлердің бірінің шарбағынан секіріп өтіп, бой тасалап үлгерген.
«Аулада жүрген едім. Айқайлаған дауыстарды, айғай-шу мен төбелесті естідім. Көргенімде, ол қансырап, өңі қашып жерде жатыр екен. Оған жүрек массажын жасап жатты. Жанында тұрған жігіттер жылап жүр, қасындағы сыңары не ағасы ма деймін», — деді кент тұрғындарының бірі.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.