Астанадағы Тәуелсіздік 24Б мекенжайындағы тұрғын үйдің фасад плитасы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне құлап, оның қаза табуына әкеп соқтырған іс бойынша сотта куәгерден жауап алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот отырысында осы үйдің тоғызыншы қабатында тұратын Валерия Самсонова сөз алып, ғимарат қабырғаларындағы жарықтардың күн санап үлкейіп бара жатқанын және тұрғындар үйдің толықтай қирап қалуынан қорқып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2014 жылдан бері шатырдан су ағып, мәселе туындаған. Сондай-ақ Самсонова ол кездегі пәтер иелері кооперативінің басшысы Әлжановамен соттасқанын да атап өтті.
Десе де, ең сұмдық жағдайлар 2025 жылдың 8 қарашасында фасад облицовкасы құлағаннан кейін басталған.
«Желтоқсан мен қаңтар айларында әкімдік көмектесіп, фасад кірпіштерін бөлшектеді, екінші кіреберіс жағынан қабырғаларды швеллермен бекітіп берді. Алайда осыдан екі апта бұрын коридорда, тоғызыншы және техникалық қабатта қайтадан жарықтар пайда болды. Техникалық қабаттағы сөгілу өте қатты байқалады», – деді Валерия Самсонова сотта.
Оның сөзінше, мамандар жарықтардың қозғалысын бақылау үшін арнайы «маячоктар» орнатқанымен, техникалық қабаттағы созылудың салдарынан ол белгілер жыртылып кеткен.
«Қазір біз алда не болатынынан қорқамыз. 2025 жылдың соңында жарықтар тоғызыншы қабаттан жетінші қабатқа дейін жеткен еді, ал қазір бұзылу процесі ары қарай жүріп жатыр. Соңғы айларда бүкіл үй тұрғындары мемлекеттік органдарға көмек сұрап хат жазуда. Үйдің жанында балалар алаңы бар. Егер кірпіштер құлайтын болса, балалар қаза табуы мүмкін», – деп толықтырды куәгер.
Тұрғын үйге қоныстанған сәтте де, кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішінде де қабырғалардан ешқандай жарықтарды байқамағанын айтады. Мәселенің бәрі қайғылы оқиғадан кейін ғана ашыққа шыққан.
«8 қарашадан кейін үйге сараптама жасалып, ол апатты жағдай алдында тұрған ғимарат ретінде танылды және 4-дәреже берілді. Онда қабырғалар дұрыс қаланбаған, жай ғана кірпіш сынықтары жинала салған, арматуралық тор жоқ, кей жерлерінде тіпті ерітінді де құйылмаған. Бастапқыда мұндай ақаумен бұл үйді қалай салды, қалай қабылдап алды? Енді түсіндім, бұл үй кез келген жылы құлап түсуі мүмкін еді. Үйдің сонша жыл шыдап, тек 2025 жылы ғана құлағаны таңғаларлық жағдай», – деп қынжылды Валерия Самсонова.
Сонымен қатар куәгер тұрғындардың жаңа сараптама жасатуға және үйді қалпына келтіруге қаржылары жоқ екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың 8 қарашасында Тәуелсіздік 24Б үйінің фасадынан құлаған кірпіштерден зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте үстіне қайтадан кірпіш құлап, ауыр жарақат алған еді. Ол 10 күннен кейін реанимацияда көз жұмды. Қазіргі таңда сотта сотталушы орындығында ғимараттың мүлік иелері бірлестігінің (МИН) төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Қайғылы жағдай орын алған кезде оның бұл қызметті атқарып жатқанына бары-жоғы жарты-ақ ай болған еді.