Щучинск қаласында 12 адамның өліміне әкеп соқтырған дәмханадағы жойқын жарылыс бойынша сот процесі мәресіне таяп қалды, деп хабарлайды Alash.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Сотта басты айыпталушы ретінде жауап беріп жатқан «Центр плова» кафесінің қожайыны соңғы сөзінде өз айыбын толықтай мойындап, қаза тапқандардың жақындары мен зардап шеккендерден кешірім сұрады.
«Мен өз кінәмді, кафе қызметін тиісті деңгейде бақыламағанымды түсініп отырмын. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тиісті деңгейде қадағаламадым. Сонымен қатар барлық құжат пен кафе жұмысын басқарушыға сеніп тапсырдым. Себебі оның өз жауапкершілігіне сендім. Болған жағдай үшін баршаңыздан кешірім сұрағым келеді. Осы жағдайға байланысты шын жүрегіммен өкінемін. Мен, Мусхаджиев Хасан Тасуұлы, осы ауыр жағдайдан зардап шеккендердің ешқайсысын назардан тыс және көмексіз қалдырмаймын», – деді Хасан Мусхажиев.
Өз өкінішін білдіргеніне қарамастан, дәмхана иесі мемлекеттік айыптаушы сұраған 7 жылдық бас бостандығынан айыру жазасымен келіспей отыр. Оның сөзінше, елдегі сот тәжірибесінде мұндай құқық бұзушылықтар үшін ең жоғары жаза мерзімі 5 жылдан аспайды.
Іс бойынша айыпталып жатқан өзге фигуранттар да өз ұстанымдарын білдірді. Автогаз құю станциясының басшысы оқиғаға еш қатысы жоқтығын айтып, айыпты мойындаудан бас тартса, үйқамақта отырған газ баллонын тасымалдаушы азамат соңғы сөзінде соттың әділ де заңды шешім шығаратынына сенім білдірді. Айта кетейік, бұл екі айыпталушыға да қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетті деген айып тағылған.
Сотта зардап шеккен тараптың пікірі бір арнаға тоғысқан жоқ. Кейбір азаматтар кафенің иесін босатуды өтінсе, енді бірі қайғылы жағдайға тек дәмхана басшысын кінәлі деп санайды. Алайда айыпталушылардың барлығын қатаң жазалауды талап еткендер де бар.
«Біз сот жарыссөзінде айтқан пікірлерімізде қаламыз. Осы іс бойынша барлық қатысушылардың кінәсі дәлелденгенін ескере отырып, соттан осы жағдайды назарға алуды және оларға барынша қатаң жаза тағайындауды сұраймыз», – деді зардап шегуші Владимир Евдокимов.
Еске сала кетейік, жарты жыл бұрын «Центр плова» дәмханасында газ баллоны жарылып, арты алапат өртке ұласқан болатын. Оқиға салдарынан 12 адам қайтыс болды, олардың он шақтысы – дәмхана қызметкерлері болса, екеуі – тамақтануға келген тұрғындар. Осы атышулы іске қатысты сот үкімі келесі аптада жарияланады.