Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы Назым Қызайбай жауапты сапарлар алдында отандастарына арнайы үндеу тастап, дайындық барысымен бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Париж Олимпиадасынан кейін де қарқын бәсеңдетпеген танымал боксшы соңғы айды толығымен оқу-жаттығу жиындарына арнағанын хабарлады. Спортшының сөзінше, күздің алғашқы айы маңызды бәсекелерге толы болмақ.
«Тамыз айы да осылай қарапайым өтіп кетті: жаттығу, жаттығу және тағы да жаттығу. Режим. Тәртіп. Алда қарбалас қыркүйек – маңызды жарыстар күтіп тұр», – деп жазды былғары қолғап шебері өзінің парақшасында.
Осыған байланысты Назым Қызайбай барша жанкүйерлерді ел намысын қорғайтын отандық спортшыларға тілеулес болуға шақырды.
«Мен үшін, біздің ел үшін жұдырықтарыңызды қысып, қолдау білдіріңіздер. Барлық осы жаттығу мен еңбектің нәтижесі жақсы болады деп сенемін», – деді Назым Қызайбай.
Айта кетерлігі, 2026 жылғы Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді.