Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде қандай бастамалар көтерді?

18:03, 01 қыркүйек 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Alash.kz.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитте жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ стратегиялық міндетке тоқталды. Оның пайымдауынша, күш көрсету культі мен конфронтация орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынтымақтастық салтанат құратын жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуға тиіс.

– Халықаралық аренадағы мұндай ықпалдастықтың ең үлгілі моделі «Шанхай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қызметіндегі теңдік пен консенсус қағидаттары, шын мәнінде, көпжақты ынтымақтастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді

– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. 

Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.

Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.

– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.

Су қауіпсіздігі әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды

– Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу. ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақмерзімді әрі табысты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты. 

– Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіпсіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шанхай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстан Ұйым аясындағы барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта конструктивті жұмыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар