Шығыс Қазақстан облысында пышақ жарақатынан қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасы оқиғаның ақ-қарасын анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның әйелінің айтуынша, қайғылы оқиға 7 қаңтарға қараған түні Катонқарағай ауданындағы №27 өртсөндіру бөлімінің аумағында болған. Онда оның күйеуі ауыр пышақ жарақатын алып, кейін алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қаза тапқан азаматтың жары жараланған ер адамды ауруханаға жедел жәрдем немесе полиция шақырмастан, өртсөндірушілердің өздері алып барғанын жеткізді. Ал бұл сұмдық оқиға туралы марқұмның туған-туыстары тек келесі күні таңертең бірақ хабардар болған.
Қазіргі уақытта марқұмның отбасы оқиғаның толық әрі әділ тексерілуін талап етуде. Олар күйеуінің нақты қай жерде жараланғанын, оны ең бірінші кім көргенін және өртсөндіру бөліміндегі бейнебақылау камераларының не себепті жұмыс істемегенін білгісі келеді. Сондай-ақ туыстары ауыр жаралы адамды ауруханаға жеткізген көліктің тексерілуге алынған-алынбағанына қатысты да жауап күтуде.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті аталған іс бойынша тергеу амалдарының толық аяқталғанын және қылмыстық істің сот қарауына жіберілгенін хабарлады.