Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді: Маңызды! Министрлік жаңа реформа ұсынды

11:09, 22 қыркүйек 2026

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін мемлекеттік қолдау жүйесін екі кезең бойынша түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Министр Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, реформаның бірінші кезеңінде 36 әлеуметтік төлемнің 14 түрін атаулы түрде беру тәртібін реттейтін нормативтік база әзірленеді. Екінші кезеңде жергілікті әкімдіктер көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Келесі жылдан бастап ардагерлерге берілетін мемлекеттік көмекті де олардың мұқтаждық деңгейіне қарай көрсету ұсынылды.

Сондай-ақ бала күтімімен үйде отырған аналарға екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мәселесі қаралды. Оның ішінде ер адамдарға берілетін декреттік демалыс, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және сәбилерге күтуші жетіспеушілігін шешу ұсыныстары бар. Сонымен бірге мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету кезінде жасанды интеллект қолданудың нәтижелері таныстырылды. Жүйе медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдайды анықтап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдады. Бұдан бөлек, әртүрлі адамдарға қатысты деректерде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай әшкереленді.

Барлық реформалар «Отбасының цифрлық картасы» деректеріне сүйене отырып жүзеге асырылады. Осы бағытта әкімдіктер азаматтарға ақпараттық жүйе арқылы сауалнама жүргізуде. 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы азаматтарға SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен ақпарат беріледі. Бастамалар бойынша тиісті заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар