Маңғыстау облыстық соты түнгі ауысым кезінде шабуылдан кейін қайтыс болған күзетші П.-ның өліміне қатысты арнайы тергеу актісін заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін арнайы комиссия оның өлімін еңбек қызметімен байланысты емес деген қорытындыға келген. Бұл шешіммен келіспеген қаза тапқан күзетшінің туысы сотқа арызданып, комиссия қорытындысын жоюды және істі қайта тергеуді талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, П. күзет агенттігінде еңбек шарты бойынша жұмыс істеген. 2025 жылғы 8 қыркүйекте кешкі сағат 20:00-де ол Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығындағы күзет орнына ауысымға түскен. Түнгі сағат бірлер шамасында есірткіге мас күйде болған, қолына ұзын темір зат ұстаған белгісіз ер адам тонау мақсатында темір қоршаудан асып, қан алу пунктіне кірген. Дауысты естіп барған күзетшіге бұзақы шабуыл жасап, денесінің әр жеріне темір затпен бірнеше рет соққы берген. Алған жарақаттарының салдарынан П. Маңғыстау облыстық ауруханасында қайтыс болды.
Оқиғадан кейін еңбек инспекциясы құрған арнайы комиссия шабуыл кезінде П. ұйықтап жатқанын алға тартып, бұл жағдайды еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаға жатқызмаған. Комиссия өлімге бөгде адамның құқыққа қайшы әрекеті себеп болғанын және оның күзетшінің қызметтік міндеттерін орындауына қатысы жоқ екенін көрсеткен.
Алайда сот бұл тұжырыммен келіспеді. Шабуыл П.-ның жұмыс ауысымы кезінде және жұмыс беруші бекіткен орнында болғаны анықталды. Бұдан бөлек, комиссия орталық аумағындағы бейнежазбаларды сұратпаған, қылмыстық іс материалдарын зерттемеген, күзет агенттігінің лауазымды тұлғаларынан жауап алмаған және комиссия құрамына АИТВ орталығы мен күзет агенттігінің өкілдерін енгізбеген.
Сот еңбек инспекциясы тергеуді формалды жүргізген деген қорытындыға келіп, марқұмның туысының талабын толық қанағаттандырды. Арнайы тергеу актісі заңсыз деп танылып, еңбек инспекциясына тергеуді қайта жүргізу міндеттелді. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.