Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева қоғамдағы тіл мәселесі, ұлттық болмыс пен заманауи қыздардың киім кию салты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Тележүргізуші Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында өнер иесі ана тілін білмейтін азаматтарды біржақты айыптауға болмайтынын жеткізді. Ол өзінің шығармашылық ұжымында бірге жұмыс істейтін сүйікті композиторы Еркен Ынтықпаевтың өмірлік жолын мысалға келтіріп, балалық шақтан басталған тілдік ортаның адам тағдырына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
«Өз тілінде сөйлемейтіндерге қатты кінә тағуға болмайды. Көзін ашқаннан оны орыс балабақшасына берсе, оның үстіне үйінде әке-шешесі орысша сөйлесе, содан кейін оны орыс мектебіне берсе, ол қайтсін? Орыс мектебінде оқыған Еркен Ынтықпаев: «Біздің мектепте оқушылардың 100 пайызы орыс, тек екі-үш-ақ қазақ баласы болды», – дейді. Мектепте екі-үш-ақ қазақ болдық. Оның өзінде үйде де әке-шешеміз орысша сөйлейді, балабақшада да, мектепте де орысша. Енді ол кінәлі емес қой. Ол түсінуін түсінеді. Ол – менің композиторым, сүйікті композиторым. Сөйлей алмайды, ақырын ғана сөйлейді. Өйткені ол іштей аударады, ал аудару үшін қазақша кітапты тағы да көп оқу керек», — деді Роза Рымбаева.
Сондай-ақ әнші азаматтың ұлтқа қосар үлесі мен деңгейі тек тілді меңгерумен ғана шектелмейтінін білдірді. Оның пікірінше, әрбір тұлға ең алдымен өзінің терең мәдениетімен, өрелі білімімен және ішкі парасатымен ұлт интеллигенциясын көрсете алуы тиіс. Бұдан бөлек, өнер иесі қазақ қыздарының шынайы образы ұлттық киім мен эстетика арқылы ашылатынына тоқталып, өзбек халқы сияқты төл киімімізді күнделікті тұрмыста мақтанышпен киіп жүруге шақырды.
«Енді өзіңіз ойлаңызшы: тіл біліп қана ұлтты жоғары дәрежеде көрсетеді деп, мен ол адамға ондай баға бере алмаймын. Тіл білмегені үшін ол ұлтты көрсете алмайды деген де баға бере алмаймын. Біріншіден, ол өзінің мәдениетімен, мінезімен, білімімен қазақ интеллигенциясының қандай екенін көрсететін азамат болуы керек. Мен, жалпы, «Қазақ қызы қандай болуы керек?» деген кезде, мәселе орамалда деп ойламаймын. Қазақ болғың келе ме, қазақтың ұлттық киімін киіп жүрші. Қандай әдемі! Камзолын киіп жүр, шашбауын, сырғасын тағып жүр. Ол – біздің ұлттық киіміміз ғой. Неге өзбек ағаларымыз өмір бойы көйлектерін киіп алады? Апаларымыз да өз көйлектерін киіп жүреді ғой. Қандай жақсы! Олардың өзбек екенін бірден білесің. Сол сияқты біздің қыздар да соны киіп жүрсе екен», — деді әнші.
Сөзін түйіндей келе, халық әртісі кейбір замандас қыздардың киім кию үлгісіндегі дәстүрге жат үрдістерге қатысты пікірін білдіріп, қоғамды төл мәдениетті сақтауға шақырды.
«Бет-аузын тұмшалап алған қыздарды мен түсінбеймін. Кімнен бетін тұмшалап жүр, саған кім қарап жатыр, қарағым-ау? Біреудің көзі тиіп жатыр ма?», — деді ол.