Алматы облысында бір жарым ай іздеуде болып, өзге қаладан табылған 17 жастағы бойжеткеннің ата-анасы бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Арнайы комиссия жасөспірімнің үйінен не себепті қашқанын анықтады. Белігілі болғандай, бойжеткен бір жарым ай бұрын ата-анасы шырт ұйқыда жатқанда үйінен шығып кеткен. Кейін ол Қарағандыдағы жекеменшік балабақшада жұмыс істеп жүрген жерінен табылған. Бойжеткен бұл әрекетін өз бетінше өмір сүріп көргісі келгенімен түсіндірді.
«Жалғыз өзім тұрып көргім келді. «Оқы» деді, менің онша оқығым келмеді. Өзімнен де қателік болды. Хабарласқым келіп жүрдім, сағынып, кішкене ішімнен қиналып. Эфирді көргеннен кейін түрткі болды. Сонымен хабарластым. Қазір жағдайым жақсы, ата-анаммен тұрғым келеді», — деді жасөспірім.
Қазіргі таңда Ясминамен психологтар жұмыс істеп жатыр. Құзырлы органдар оның «тігінші болсам» деген арманын орындау үшін қажетті құрылғыларды алып беруге уәде етіп, жоғары білім алуына да жағдай жасайтынын жеткізді. Ал арнайы комиссия ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл отбасыны бақылауға алды.
«Қыздың дені сау, отбасына аман оралды. Заңды өкілдермен және құқық қорғау органдарымен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін де жүргізілді. Енді алдағы уақытта анасының, заңды өкілдерінің рұқсатымен баламен психологиялық тұрғыда жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар баламен сөйлескенде оның ешқандай қысым немесе еркінен тыс іс-әрекет жасалмағанын өзі баяндап отыр», — деді Алматы облысы бала құқығын қорғау басқармасы құқықтық сүйемелдеу және әдістемелік қамту бөлімінің бас маманы Мадияр Шарапов.