Маңғыстау облысында үш ересек адам мен бір бала ботулизм белгілерімен аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Дәрігерлер улануға үй жағдайында дайындалып, тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін деп болжап отыр. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, Мұнайлы ауданының үш тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға, ал 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен. Олар 17 қыркүйекте отбасылық басқосуда сағат 20:00 мен 21:00 аралығында балық тұтынған. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке білініп, науқастар 19 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген. Бастапқыда зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан.
«Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің қиындауы, тамақтың жыбырлауы мен құрғауы, көздің бұлдырауы және заттың қосарланып көрінуі, сондай-ақ сананың бұзылуы байқалды», — деді Марал Қадыр.
Қазіргі таңда төрт науқастың да жағдайы өте ауыр, олар өкпені жасанды желдету (ЖӨЖ) аппаратына қосылған. Дәрігерлер детоксикациялық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізді. Осы оқиғадан кейін мамандар тұрғындарға үй жағдайында дайындалатын тез бұзылатын тағамдарды сақтау ережелерін сүйеніп, санитарлық талаптар сақталмаған орындардан азық-түлік алмауды және улану белгілері білінген бойда бірден дәрігерге жүгінуді ескертеді.