Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Солтүстік Корея соғыс тілеп отыр ма - Пхеньян Жапон теңізіне қарай екі баллистикалық зымыран ұшырды

21:05, 21 қыркүйек 2026

Солтүстік Корея 20 қыркүйекте Жапон теңізі бағытына қарай екі қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырды, деп жазады Alash.KZ порталы dalanews.kz сайтына сілтеме беріп.

Оңтүстік Корея әскери күштерінің мәліметінше, зымырандар Вонсан аймағынан Шығыс теңізі бағытында атылған.

Алғашқы зымыран жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00 шамасында ұшырылып, шамамен 450 шақырым қашықтыққа жеткен. Екінші зымыран үш сағаттан кейін іске қосылып, 600 шақырымнан астам қашықтықты еңсерген.

Әскери ведомствоның хабарлауынша, екі зымыран да Жапонияның айрықша экономикалық аймағынан тыс аумаққа құлаған.

Оңтүстік Корея тарапы алғашқы зымыранның Hwasong-11 сериясына тиесілі болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл КХДР-дың бір аптаға жуық уақыт ішіндегі екінші зымыран ұшыруы болып отыр.

Зымыран сынақтарына байланысты 21 қыркүйекте Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония өкілдері телефон арқылы келіссөз жүргізді. Тараптар Солтүстік Кореяның соңғы әрекеттерін талқылап, оған ықтимал жауап шараларын қарастырған.

Yonhap агенттігінің дерегінше, аталған сынақтар КХДР-дың 2026 жылы баллистикалық зымырандарды ұшыру бойынша 14-ші сынағы саналады.

Жаңа зымыран ұшырулар Корей түбегіндегі әскери-саяси шиеленіс сақталған кезеңде жасалды. Пхеньян бұған дейін АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония өткізген бірлескен әскери жаттығуларға наразылық білдірген.

Ал Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары 21 қыркүйектегі жағдай бойынша 20 қыркүйекте болған зымыран сынақтары туралы ақпарат таратпаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар