Астанадағы №8 балабақшаның бұрынғы меңгерушісі Арай Құсайынова қызметінен босатылуына байланысты Оқу-ағарту министрлігіне шағымданды, деп хабарлайды Alash.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Ол өз сөзінде қызметіне кіріскеннен кейін балабақшадағы бірқатар заң бұзушылықты анықтап, мәселе көтергені үшін заңсыз жұмыстан босатылғанын алға тартты. Оның айтуынша, 13 шілдеде тағайындалғаннан кейін мекеменің ішкі құжаттарын тексеріп, штатта жоқ адамның аты-жөні жүргенін байқаған. Сондай-ақ меңгеруші ақылы үйірмелер мен қосымша қызметтерден түсетін қаражаттың жұмсалуына қатысты да білім басқармасына хабар берген.
«Балабақшаға жаңадан келген кезде ішкі құжаттармен таныстым. Бірнеше заң бұзушылыққа тап болдым. Соның бірі – штатта жоқ адамның бар екені. Осы мәселені шешу үшін балабақшаға заңгер шақырдым. Заңгер, мен және сол адамның қарындасы үшеуміз кездестік. Әңгімемізді бейнетаспаға жазып алдым, ол жазба қазір менде сақтаулы. Менің мақсатым – заң бұзушылықты жасыру емес, керісінше анықтап, мәселені заң аясында шешу болды», — дейді бұрынғы меңгеруші Арай Құсайынова.
Алайда 17 қыркүйекте онымен еңбек шарты бұзылған. Құжатта өткізу және объектішілік режимді дұрыс ұйымдастырмау мен дербес деректер туралы заң талаптарын бұзу баптары көрсетілген. Мән-жайды анықтау үшін Астана қаласының Білім басқармасына сұрау салынды. Ведомство берген жауабында бұрынғы меңгерушінің «Педагог мәртебесі туралы», Еңбек кодексі, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңдарды, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың терроризмге қарсы қорғалу талаптарын бұзғанын растады. Ресми мәлімет бойынша, ол педагогтерді өз міндетіне жатпайтын істерге жегіп, балабақша аумағына бөгде адамды рұқсатсыз киргізген. Тексеріс кезінде ол азаматтың меңгерушінің бұрынғы заңды күйеуі екені және ешқандай еңбек келісімшартынсыз қызметкерлердің дербес деректерімен танысқаны анықталды.
«Тексеру барысында аталған адамның балабақша қызметкерлерінің дербес деректеріне рұқсатсыз қол жеткізгені анықталды. Аталған фактілер балабақша әдіскерінің және күндізгі күзет қызметкерінің түсініктемелерімен, сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде расталды. Тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлердің дербес деректерін бөгде тұлғаға рұқсатсыз ұсыну, тарату және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету фактілері анықталды. Осы бұзушылықтарды ескере отырып, балабақша меңгерушісімен еңбек шарты бұзылып, ол атқаратын қызметінен босатылды», — деп хабарлады Астана қаласының Білім басқармасы.
Қазіргі таңда тараптардың ұстанымы екіге жарылып отыр. Арай Құсайынова бұл айыптармен келіспей, өзі көтерген заңсыздықтарға құқықтық баға берілуін және жұмыстан босату шешімін қайта қарауды сұрайды. Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жасап, бұл істің әділ қаралуына ықпал етуді өтінді.