Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қажетсіз қызметтерге қаржы жұмсайды... Артық шығын": Асхат Аймағамбетов маңызды мәлімдеме жасады

14:56, 21 қыркүйек 2026

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау мен медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы ақылға сыймайтын артық бюрократияны түбегейлі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Alash.kz.

Халық қалаулысының пайымдауынша, бұл саладағы қатып қалған кейбір міндетті талаптар мен бюрократиялық кедергілер мемлекет қазынасына орасан зор қаржылық салмақ салып қана қомай, емделушілердің алтын уақытын шығындап, ақ халаттылардың иығына артық жүктеме артып отыр.

Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Біз де жұмыс барысында осы проблемалармен жиі кездесеміз.

Қосып жазу мен алаяқтықтан бөлек, кейде артық шығынға жүйедегі рәсімдердің өзі себеп болады.

Мемлекет қажетсіз қызметтерге қаржы жұмсайды, ал адам уақытын жоғалтып, бюрократиялық кедергілерге тап болады.
Нақты бір мысал келтірейін.

Өткен жылы біздің комитет мүгедектікті қайта растау үшін адамды міндетті түрде ауруханаға жатқызу мәселесін көтерді. Әңгіме денсаулық жағдайы тұрақты әрі қайтымсыз сипат алған адамдар туралы болып отыр.

Егер адамға ауруханаға жатудың қажеті болмаса және стационарлық тексеру сарапшыларға жаңа ақпарат бермесе, оны тек медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу үшін ауруханаға жатқызудың мәні неде?

Соған қарамастан, адам дәрігерге жазылып, талдаулар тапсырып, жолдама рәсімдеп, емдеуге жатқызу порталы арқылы кезекке тұруға мәжбүр болды. Кейін ауруханаға жатып, медициналық қажеттілік болмаса да, қайтадан тексеруден өтіп, ем қабылдады.

МӘМС жүйесі мен бюджет үшін - артық шығын. Адам үшін - жоғалған уақыт пен қосымша қиындық. Дәрігерлер үшін - артық жүктеме. Басқа науқастар үшін - стационардағы орынды ұзағырақ күту.

Біз бұл мәселені талқылауға шығарып, Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерімен бірлесіп, заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу арқылы ортақ шешім таптық.

Тағы бір мысал - жүрек ауруы, тиісті тәуекел болмаса да, онкологиялық стационарға жатқызар алдында міндетті түрде ЭКГ, эхокардиографиядан өтіп, кардиологтің кеңесін алу талабы.

Тек Қарағандыдағы бір онкологиялық орталықтың өзінде жыл сайын шамамен 17 мың науқас стационарға жатқызылады. Бұл - мыңдаған қайталама тексеру. Ал олар жүргізілмесе, медициналық ұйымға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан санкция қолданылады.

Дәрігерлердің өздері зерттеу нәтижелерінің жарамдылық мерзімін бірнеше айға дейін ұзартуды, ал қайта тексеруді медициналық көрсетілім бойынша ғана жүргізуді ұсынып отыр.
Қайта қарауды қажет ететін мұндай талаптар аз емес.

Сондықтан цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және үдерістердің өзін қайта қарау қажет.

Мемлекет басшысы бұған дейін атап өткендей, алдымен қандай әрекеттер шынымен қажет екенін, қайсысы қайталанатынын және мемлекеттік органдар қандай мәліметтерді адамның қатысуынсыз бір-бірінен ала алатынын анықтап алу керек.
Артық рәсімді электронды форматқа көшіру оның артықтығын жоймайды. Ол тек электронды артық рәсімге айналады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне де реформа қажет. Мұнда екі міндетті қатар шешу керек: мүгедектікті негізсіз белгілеуге жол бермеу және көмек алуға құқығы бар адамдарға қойылатын артық кедергілерді жою.

Заң бұзушылықтармен күрес рәсімдердің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін арттырумен қатар жүруге тиіс.

Тиісті шешімдердің қабылдануы үшін жұмыс істейміз.

Реформаның нәтижесі әр адамға түсінікті болуы керек: заң бұзушылықтарға мүмкіндік азайып, бюрократия қысқарып, тиісті көмек шын мұқтаж адамдарға уақытында жетуі тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар