Қырғызстанның Жалалабат облысы Чатқал ауданына қарасты Құрылыс ауылында 9-сынып оқушысы ауыр соққы салдарынан қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жергілікті тұрғындар мен алдын ала мәліметтерге қарағанда, 2011 жылы туған жасөспірім сабақ уақытында 11-сынып оқушыларының соққысына жығылған. Мектепке Жаны-Базар ауылынан жедел жәрдем бригадасы шақырылғанымен, зардап шеккен оқушы ауруханаға жете алмай, жолда көз жұмды.
Аталған оқиғаға байланысты Жалалабат облыстық ІІБ Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 130-бабы («Денсаулыққа ауыр зиян келтiру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Чатқал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күдікті ретінде 2009 жылы туған төрт жасөспірімді (И.М., Н.С., Н.К. және Т.А.) ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді.
