Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мүмкіндік береді… Нақты қадам болмақ»: Нұрлыбек Нәлібаев бар қазақты қуантатын жаңалығын бөлісті

18:00, 21 қыркүйек 2026

Елімізде ұлттық білім беру платформасын құруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, цифрландыру білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып қана қоймай, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының барлық саланы, оның ішінде білім беруді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлттық білім беру платформасын құруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл саладағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға ғана емес, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді.

Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту мәселелері бойынша өткен кеңесте Оқу-ағарту министрінің, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының, Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдері орынбасарларының есептерін тыңдадық.

Жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген, колледждерге оқуға 220 мыңнан астам талапкер түскен. Бұл – техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылғанын айғақтайтын көрсеткіш», – деп жазды ол.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары мемлекеттік органдар алдында бірқатар міндет тұрғанын айтып, кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілгенін жеткізді.

«Бүгінде мемлекеттік органдар алдында жедел шешуді қажет ететін бірқатар міндет бар. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар бердім. Әкімдіктер «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп білім беру ұйымдарын деректер қорына қосуы және тиісті қолжетімділікті сатып алу кестесін енгізуі, кестенің орындалуын бақылауы тиіс. Деректердің толық, анық және уақытылы енгізілуіне жауапты адамдарды тағайындау өте маңызды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бұл үдеріс білім беру базасын жаңғыртуға жасалған нақты қадам болмақ», – деп жазды Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар