Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

әл-Фараби даңғылындағы апат: Руслан Өтепбай Әділетхан Молдаханға қатысты маңызды мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

17:05, 21 қыркүйек 2026

Заңгер, танымал блогер Әділетхан Молдаханның апелляциялық соты 22 қыркүйек күні өтеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай хабарлады. Оның айтуынша, сот қарсаңында блогердің отбасы мен бауырлары сұхбат беріп, тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұраған. Қорғау тарапы да бірінші сатыдағы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

«Әділетхан Молдаханның отбасы мен бауырлары апелляциялық сот қарсаңында сұхбат берді. Бірінші сатыдағы сот Әділетхан Молдаханды кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда оның жақындары тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Қорғау тарапы да үкімге апелляциялық шағым түсірген. Ал олардың өтінішіне апелляциялық сот қандай баға береді – оны сот шешеді. Апелляциялық сот отырысы 22 қыркүйек күні өтеді», — деп жазды Руслан Өтепбай.

Еске салсақ, 2026 жылдың 21 наурызында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында қарсы жолаққа шығып кеткен Zeekr автокөлігі Mercedes-ке соғылып, 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы қаза тапқан болатын. Жол апатына себепкер болған Zeekr жүргізушісі Александр Пак 22 маусымда сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қайғылы оқиғаға Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеп, кейін полицияның бірнеше басшысы қызметінен босатылған еді.

Ал әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан осы апатқа қатысты видео түсіріп, 31 наурызда қамауға алынды. Келесіде оған «Көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағылып, 14 шілдеде ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігі бойынша 2,5 жылға мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынған еді. Соттан кейін блогер «Мен тек шындықты айтқанымды мойындаймын» деп мәлімдеген болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар