Негізі бұған биліктің құқы болмауы керек, себебі ол сол жердің халқы берген тарихи атау. Жер аттарын жаулап алушылар бір өзгертті, Кеңес кезінде коммунистік идеология жетегінде екі өзгертті. Біз соны әлі жалғастырып келе жатырмыз. Өйткені сол замандағы адамдар әлі билікте отыр. Олар тарихи атауды өзгерту орынсыз екенін, тарих алдындағы кешірілмес күнә екенін әлі түсінген жоқ.
Заңда жер атауын өзгертетін кезде жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек деген талап бар. Бірақ билік мұны сақтамайды, көбінде өздері біліп, ешкіммен ақылдаспай өзгерте береді. «Жетіген» деген өте жағымды, тарихи атау еді. Оны Алатау деп өзгертіп тастады. Кеңес кезінде Алматыда Алатау және Самал деген атау ең көп қойылатын. Себебі қазақ тілін білмейтін басшылардың білетіні осы екі сөз ғана болатын. Соны қайта-қайта барлық жерге тықпалай беретін. Мұнда Алатаудың қандай қатысы немесе қандай тарихи рөлі бар дегенді ешкім ойлап жатқан жоқ. Өзіміздің атауларымызды өзіміз құртып әлекпіз. Егер орысша немесе коммунистік мәндегі сөз болса түсінер едім, Жетіген деген атау оның ешбіріне жатпайды. Көнерген идеологиялық сөз емес, отаршылық кездегі сөз емес. Демек, Жетіген ауылының атын өзгерту қате шешім болды.
Биліктің өзі біліп, жер-су аттарын өзгерткеніне қарсымын. Әсіресе қазақ тіліндегі тарихи атауларды ауыстыру қылмыспен тең деп білемін. Біз, керісінше, тарихи атауларды қайтара алмай жатырмыз. Қазір елде 300-400 Ленин атындағы көше бар, соларды өзгерте алмай отырып, қазақтың тарихи сөздеріне қиянат жасап жүрміз. Неге Қызылорданы Ақмешіт деп өзгертпейміз? Қызылорда идеологиялық тұрғыда ескірген сөз, бірақ біз соны өзгертпей, Жетіген деген сөзбен жағаласып жүрміз.
Мұның бәріне ономастика туралы заңның жоқтығы себеп болып отыр. Бізде ономастикаға қатысты мәселелерді шешетін заңдар бар. Бірақ оны ешкім сақтамайды, өйткені бізде билік заңнан жоғары. Заңда адам қайтыс болған соң 5 жылдан кейін ғана көшеге, қалаға атын беруге болады деп жазылған. Бірақ көзі тірі Назарбаевтың аты көшеге де, қалаға да берілді. Бізде ономастикалық бағыттағы нормативтер сақталмайды. Бәрі сөз күйінде қалып отыр. Мемлекеттік тіл туралы заң да көп жерде сақталмай жүр. Оны ешкім қадағалап отырған жоқ. Сократтың «өзі қабылдаған заңын жүзеге асырмаған елдің болашағы жоқ» деген сөзі бар. Осыны естен шығармау керек.
Енді, міне, Жетіген деген тамаша сөзден айырылғалы отырмыз. Ең қызығы, осы бастаманы кім көтергенін білмейміз. Бұл мәселені ономастикалық комиссия талқылады ма, ол да белгісіз. Осы кісілерден сұрау керек, «ауыл атын өзгертетін кезде заңды талаптар сақталды ма, жергілікті тұрғындар пікірі ескерілді ме» деген сұрақтарды қою қажет.
Бір ауданға жергілікті тарихи тұлғаның атын беру сол өңірдегі халықтың кінәсі емес. Мұндайды сол өңірге барған басшы халыққа жақсы көріну үшін істейді. Мұны кей басшы саяси тәсіл ретінде пайдаланады. Жергілікті халық өзі талап ететін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, біраз уақыт бұрын Шонжы ауылының атын Әлмерек батыр деп өзгертуді ұсынды. Бірақ бұл жағдайға түсіністікпен қарауға болады. Өйткені бастамашы топтың қолында Әлмерек батырдың елі мен жерін жаудан қорғап қалғанын дәлелдейтін дерек болды. Мұны жершілдік немесе рушылдық деп есептемеймін. Тарихи тұлға тұтас қазаққа ортақ. Сол адамның тарихи тұлға екенін дәлелдеп, негіздеме жасау керек. Ол тарихшы мамандардың міндеті. Халық неге өз жерінен шыққан тұлғаларды айтады, өйткені өз өңірінен шыққан тұлғаны жақсы біледі, оның еңбегін бағалайды. Өз өңірінің тарихи тұлғасын көтеру қылмыс емес, мұны дұрыс түсінуіміз қажет.
Дос Көшім, саясаткер